7 мамыр 2024 жылдың, сейсенбі

«З.О.Баймырзаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қазақстан республикасы, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қызылөзен ауылы, Сисенбаев көшесі #1

Мектеп шежіресі

1923 жылы Қаңғада 3 жылдық мектеп ашылды «Ақшоқы», «Аралды», «Қызылөзен»,«Сақақұдық» елді мекендерінде киіз үйде мектеп ашылып, әр қыстауда жеке шаруасымен отырған ауыл балалары, ересек адамдары сауаттану мақсатымен соған барып оқыды.

1931-1932 жылдары Қызылөзенде 4 жылдық бастауыш мектеп ашылды.
1936 жылы Қызылөзендегі бастауыш мектеп 7 жылдық мектеп болып қайта құрылды. Мектепте 1954-1955 оқу жылынан 1962-1963 оқу жылына дейін 10 шақты мұғалім еңбек еткен.1962 жылы 30 мамырда 8 жылдық мектеп болып құрылды. 1963 жылы колхоздар іріленіп, Қызылөзен совхозы болып қайта құрылды. Мектептегі бала санының өсуіне байланысты 1968 жылы қайтадан қосымша мектеп үй салынып, пайдалануға берілді.

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары арасында 83 мұғалім мектепте ұстаздық қызмет етті. 1984 жылы Қызылөзенде «Түпқараған» совхозы құрылып, бала санының көбеюіне байланысты 1985-1986 жылдан бастап орта мектеп болып қайта құрылды.

Мектеп директоры А. Қомытовтың ұсынысымен Форт-Шевченко қалалық атқару комитетінің 1989жылдың 7 желтоқсанындағы №399 санды шешімімен Қызылөзен орта мектебіне Зұлқарнай Оспанұлы Баймырзаев есімі берілді.
Оқушыларды еңбекке баулу жақсарып, кәсіби оқу ұйымдастырылып, мектеп бітірушілердің біраз бөлігі ІІІ класты тракторист – машинист мамандығын игерді. Педагогикалық кадрлар тұрақтандырылып, негізінен мектеп кадрлары өз бітірушілерінен әзірленіп, оқу-тәрбие жұмысы міндеттерін табысты шешуге қабілетті ұйымшыл ұжым қалыптастырылды.

Қазіргі таңда мектепте 37 педагог жұмыс жасайды: жоғары білімді – 20, арнаулы орта білімді
– 8. Олардың ішінде жоғары санатты – 6, І санатты-10, ІІ санатты -10, санатсыз-2 мұғалім.
Қазіргі таңда 8 мұғалім ілгері, негізгі, базалық деңгейлік бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Соңғы он жыл ішінде оқушылардың ғылыми ізденіс жұмыстары жақсы жолға қойылған. Осының нәтижесінде 10 облыстық, 2 республикалық және халықаралық деңгейде көрініп жүрген оқушыларымыз бар.

Соңғы жылдар ішінде ҰБТ көрсеткіші бойынша 83 балл орта ұпайды көрсетіп, түлектердің көбі мемлекеттік грантқа ие болып, республиканың әр түкпірінде жоғары, арнаулы оқу орындарында оқып жүр.

Жаңа мектеп ғимараты 2004 жылы қыркүйек айында пайдалануға берілді. Мектепте 10 пәндік кабинет, 1 компьютер кабинеті, 1 әдістемелік кабинет, 1 психолог кабинеті, 1 дефектолог кабинеті бар. Мектеп асханасы, акт залы, спорт залы, кітапхана бүгінгі заман талабына сай жабдықталған.

З.О.Баймырзаев атындағы орта мектеп түбегіміздегі 80 жылға жуық тарихы бар іргелі білім беру ошағы болып табылады. Нәубет заманының құрбаны З.О.Баймырзаевтың 110 жылдығын республикалық деңгейде атап өткен мектебіміз тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жас ұрпаққа саналы білім мен саналы тәрбие беруде қызмет ете береді.

Маңғыстау облысының білім басқармасының Түпқараған ауданы бойынша білім бөлімінің «З.О.Баймырзаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ